Жаңалықтар

Тіл саясаты — тұрақтылық тірегі

Мемлекеттік бағдарлама

Қазақстан Республикасының тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қай деңгейде орындалуда? Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі қалай жүзеге асырылып жатыр? Мемлекеттік тілді үйрену үшін қандай оқыту курстары жүргізілуде? Осы және өзге де сауалдар бойынша, биыл орындалған іс-шаралар кешені мен атқарылған жұмыстар туралы облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маржан Жанасовамен тілдескен едік…

Латын әліпбиіне көшу — жаңғыру негізі

Елімізде қазақ тілін латын графикасына көшіру реформасы ҚР Үкіметі бекіткен үш кезеңнен тұратын ұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес бекітілді. Әрбір кезеңде атқарылатын шаралар жоспарланып, мақсат-міндеттер айқындалды.

Маржан Жанасованың айтуынша, биылғы жылдың басты бағыттарының бірі — латынграфикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілген міндеттердің бірі — қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Облыста бұл үрдіс кезең-кезеңмен жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Атап айтсақ, жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстары көптеп ұйымдастырылып, айтылған ұсыныс-тілектер де қаперге алынуда. Биыл «Төрлет, төл әліпби!» жобасы аясында «Ұлттану жолындағы ұлттық әліпби», «Ұлттық әліпби негізіндегі ұлттық жаңғыру» тақырыптарында университет оқытушыларының,  тілдерді оқыту орталығы тренерлерінің қатысуымен бірнеше мәрте онлайн сұхбаттар ұйымдастырылды. Сұхбаттың басты мақсаты — латын негізді қазақ әліпбиі мен емле ережелерінің құрылымын түсіндіру, — дейді ол.

Әлеуметтік желіде қазақ тілді контент үлесін арттыру, сондай-ақ азаматтардың латыннегізді қазақ әліпбиінде жазу машықтарын жетілдіру мақсатында инстаграм желісінде «Даналық дариясы» атты жаңа әліпбиде жазылған үздік посттар байқауы ұйымдастырылды.

Бағдарлама қабылданған 2017 жылдан бастап реформаның саяси маңыздылығын арттыру мақсатында кездесулер, латын графикасына көшкен елдердің тәжірибесімен бөлісу, латынға көшуді тиімді әрі сапалы жүзеге асыру мақсатында халықаралық конференция, семинар-тренингтер, тележобалар, телесабақтар, әлеуметтік роликтер, ашық диктант жазу ұйымдастырылды. Осы кезге дейін түрлі форматтағы 805 шара ұйымдастырылып, 49 мыңнан астам адам түсіндіру жұмыстарымен қамтылған.

Ономастика және көрнекі ақпарат

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері облыстық ономастикалық комиссияда барлығы 230 ұсыныс қаралып, 228 ұсыныс оң қорытынды алған. Сонымен қатар облыста 5 елді мекенге, 199 атаусыз көшеге атау беріліп, 24 көше қайта аталды.

Ономастика саласын ғылыми қамтамасыз ету мақсатында 30-дан астам энциклопедиялық анықтамалықтар, топонимикалық және антропонимдік сөздіктер, әдістемелік жинақтар мен атластар әзірленіп шығарылған.

— Қай қала болсын, түрлі нысандардағы маңдайша, жарнама және басқа көрнекі ақпараттың сауатты жазылуы — аса маңызды мәселе. Сондай-ақ ономастика мәселелері бойынша іс-шаралар ұйымдастыру жалғасын табуда. Биыл «Ономастика тынысы» ақпараттық журналының үш саны шығарылды. «Ұлттық ономастика — ел айнасы» тележобасы эфирге шықты, Сондай-ақ «Атаулар мен есімдер — елдіктің белгісі» әлеуметтік ролигі бір ай бойы жергілікті телеарнада ротацияланды, — дейді Маржан Жанасова.  

Көрнекі ақпаратты дұрыс жазу бойынша консультациялық түсіндіру жұмысын үйлестіру мақсатында жыл басынан бері 1850 жарнама мәтіні сараланған. Оның ішінде электронды пошта арқылы 742 жарнама мәтіні қаралса, көрнекі ақпарат мәтіндерінің мемлекеттік тілдегі нұсқасын тексертіп алу үшін жарнама агенттігінің 312 өкілі тікелей басқармаға келген.

Сондай-ақ биыл облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Жас Отан» жастар қанаты, қоғамдық ұйым өкілдерімен бірлесе отырып, 796 нысанға бақылау рейдтері жүргізілді. Жоспарлы жүргізілген рейд нәтижесінде жарнама мәтіндерінен 540 қателік анықталып, түзетілді.

Тіл үйрету курстары қанша адамды қамтыды?

Бүгінде облыста ересек азаматтарға мемлекеттік тілді тегін оқытудың толыққанды жүйесі қалыптастырылды. Жалпы мемлекеттік тілді оқыту курстарымен 15 285, биылғы жылдың 9 айында 1079 адам қамтылған.

Оқыту жүйесі елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты наурыз айынан бастап zoom, telegram, skype, whatsap, xrecorder платформасында  онлайн форматқа көшірілді.

— Бүгінде мемлекеттік тілді меңгерген облыс тұрғындарының үлесі 94,2 пайызды құрап отыр. Биыл жыл басында Ресей елінің Орынбор облысындағы қазақ диаспорасы өкілдеріне ана тілін үйренуге қолдау көрсету мақсатында балалар мен жасөспірімдерге ана тілін меңгеру үшін ашық сабақ ұйымдастырылды. 4-7 ақпан аралығында тілдерді оқыту орталығы базасында Орынбор облысындағы қазақ қауымдастығының қазақ тілі мұғалімдеріне біліктілік арттыру шарасы ұйымдастырылып, сертификаттар тапсырылды, — дейді Маржан Жанасова.

Айта кетейік, бүгінде өз бетімен тіл үйренем деушілерге www.til-aktobe.kz сайтында қашықтан оқыту жүйесі ұйымдастырылған. Қазіргі таңда сайтқа тіркелгендер саны 100 000 адам.

Тілдерді оқыту орталығы арқылы жыл басынан бері 250 адам ағылшын тілін үйрену курсымен қамтылды. Қазіргі таңда ағылшын тілін меңгерген тұрғындар үлесі — 27,1 пайыз. Үш  тілді (қазақ, орыс, ағылшын) үйрету бағытында  «Күншуақ» журналының  төрт саны, «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» ақпараттық-әдістемелік журналының үш саны жарыққа шықты. Сонымен қатар «Күншуақ» тілдік сайты тұрақты түрде толықтырылып отырады.

Маржан Жанасованың айтуынша, басқарма этномәдени бірлестік өкілдерімен де тығыз жұмыс жасауды жолға қойған. 2006 жылдан бастап осы кезге дейін өзге ұлт өкілдерімен жексенбілік мектептерде мемлекеттік және ана тілдерін оқытуды жүзеге асырып, барлығы 4000-нан астам адам оқыту курстарымен қамтылған.

Басқарма биыл елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты іс-шараларды онлайн режимде жалғастыруда. Мәселен, ұлы ақын А.Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!», ұлы тұлға Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына байланысты «Әбу Насыр әл-Фараби — даналық дариясы» атты тақырыптарда онлайн байқаулар ұйымдастырылды. Тұрғындардың мемлекеттік тілде еркін және таза сөйлеуін бағалау мақсатында «ЕркінSóɪle» онлайн бейне роликтер  байқауы өтті. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы мен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай этнос өкілдері арасында өткен «Мемлекеттік тіл — менің тілім» атты онлайн форматта ұйымдастырылған байқаудың жүлдегерлері Алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button